МҚІА Төрағасы А.Н. Жаилғанованың баспасөз конференциядағы сөз сөйлеу тезисі

 

Қайырлы күн, құрметті журналистер!

 

Қазіргі цифрлық қоғам мен білім экономикасы мемлекеттің даму жолын түбегейлі өзгертуде.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  атап өткендей, «Біздің еліміз осы заман талаптарына сай болуы тиіс», ал жастарымыз – жаһандану заманында еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы болмақ.

Тұңғыш Президент Жарлығымен 2019 жыл - Жастар жылы деп жарияланды.

Жастарға барлық салаларда көмектесу және қолдау саясаты жалғасып келеді. Бұл жұмыс мемлекеттік қызметте іске асырылуда.

Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасымен Агенттік алдында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндеті қойылған.

Нақты бір салада өзіндік жетістіктері бар жас қазақстандықтарда іріктеуден өтіп, резервке алыну, жоғары мемлекеттік және басқарушы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігі пайда болды.

Осы орайда резервтің ең маңызды мәселелеріне тоқталып өтейін.

***

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар – бұл азаматтылығы, жасы 35-тен аспауы қажет, білімі және жалпы жұмыс тәжірибесі 5 жыл.

Креативті, дарынды жастарымыздың кейбірі шетелде тұрып жатқанын жақсы білеміз.

Сондықтан, конкурсқа еліміздің жастарымен қатар, шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республиканың жас азаматтары қатыса алады.

 

 Азаматтарды толғандыратын бірқатар мәселелерді атап өтсем.

Біріншіден, Президенттік жастар кадр резервіне өту – бұл міндетті түрде лауазымға тағайындалуға кепіл болмайды.

Екіншіден, бұл іріктеуге Президентпен тағайындалған қазіргі саяси қызметшілер қатыса алмайды.

***

Президенттік жастар резервіне өткендер саяси және жоғары әкімшілік лауазымдарға, ұлттық холдингтар мен компаниялардың жоғары басқарушы лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік алады.

Әр лауазымның ерекшелігі ескеріліп, келесі топтарға бөлінген:

1) Салалық лауазымдар тобы, олар:

Қазақстан Республикасының министрлері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары;

орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;

ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары және мүшелері.

2) Өңірлік лауазымдар тобы, олар:

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері;

облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері;

3) Басқарушылық лауазымдар тобы, олар:

орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы;

Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – Аппарат басшысы;

жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдар аппараттарының басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы;

облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының басшылары.

Үміткерлер өтінім беру барысында жоғарыда аталған лауазымдар санатының және «Президенттік жастар кадр резерві» сайтында ұсынылған бағытының бірін таңдауы тиіс.

***

1 қыркүйектен бастап резервтің ресми сайты іске қосылады. Онда үміткерлер тіркеліп, өз құжаттарын тапсыра алады. Агенттіктің интернет-ресурсында және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында іріктеуге өтініш қабылдау басталғаны жөнінде хабарландыру жариялайтын боламыз.

Потенциалды резервшілерді іріктеу келесі кезеңдерден тұрады:

Бірінші кезеңқатысушылардың құжаттарын қабылдау. Құжаттарды жинаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды.

Өтінім беру барынша жеңілдетілген. Аталған автоматтандырылған онлайн-платформаға тиісті сілтемелері бар толық ақпаратты біздің qyzmet.gov.kz сайтынан таба аласыздар.

Бүгін осы брифингке автоматтандырылған онлайн-платформаны әзірлеуші-компанияның өкілі қатысып отыр. Ол іске қосылған «Президенттік жастар кадр резерві» сайты жөнінде толық ақпарат береді.

Екінші кезең, үміткерлердің қабілеттерін тестілеу. Аталмыш сынақ үміткердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған.

Ол үміткерлердің теориялық дайындығын, олардың талдап-сараптау деңгейін және логикасын анықтауға мүмкіндік береді.

Үшінші кезең, кандидаттардың көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық көзқарасын, мотивациясы мен құндылықтарын бағалау.

Ол үшін үміткерлер эссе жазып, өздерінің әлеуметтік маңызы бар жобаларын ұсынады.

Үшінші кезеңде үміткерлердің көшбасшылық қасиеттері, стратегиялық көзқарасы мен кәсіби құндылығы бағалаланады.

Эссе арқылы үміткерлердің сауаттылығы, білімпаздығы мен ой-өрісінің тереңдігі, сыни ойлау деңгейі, логикасы, айғақты әрі негізделген түйін жасай алу қабілеті бағаланады.

Өз кезегінде, жобалық жұмыс қатысушының таңдап алған лауазым тобына байланысты тиісті саланы немесе қызметтің бағыттары бойынша пайымын бағалауға негізделген.

Құзыретін бағалау арқылы қатысушылардың жеке құндылықтары, мемлекеттік қызметке деген жұмыс уәждемесінің деңгейі, сондай-ақ басқарушылық құзыреттілігі анықталатын болады.

Эссе мен жобалық жұмыстарды тексеру онлайн жүйеде өткізіледі. Оның объективтілігі үшін процестің бейнежазбасын жүргізу жоспарланып отыр.

Құзыреттерді бағалау Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында сарапшылармен топтық ассесмент құралдарын (бұл топтық бағалау жүйесі) пайдалана отырып жүзеге асыралады.

Төртінші кезең, сараптамалық комиссияда қатысушылармен әңгімелесу. Осы кезеңдегі іріктеуге алдыңғы сынақтарда бал жиынтығы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жіберіледі.

Президент Әкімшілігі тарапынан құрылатын Комиссия бұған дейінгі іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке әңгімелесу өткізеді.

Әңгімелесу қорытындысы бойынша Сараптамалық комиссия ашық дауыс беру жолымен Резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасайды және Ұлттық комиссияның қарауына жібереді.

Іріктеудің қорытынды кезеңіндекадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссияда қатысушылардың кандидатуралары қаралады.

Осы кезеңге Сараптамалық комиссия ұсынған ең жоғары көрсеткіші бар қатысушылар жіберіледі.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Президенттік жастар резервіне кандидаттарды қабылдау туралы шешім қабылданады.

Ашықтықты қамтамасыз ету үшін азаматтар іріктеуге қатысушылардың ақпараттарын көре алады. Яғни, азаматтарымыз іріктеуге кім қатысқанын біледі. Оған қоса, іріктеудің әр кезеңінен кейін біз автоматтандырылған жүйеде және Агенттіктің сайтында келесі кезеңге өткен үміткерлердің тізімін жариялаймыз.

Үміткерлерді бағалау кезеңінде шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін салалық сарапшылар тартылатын болады. Олар іріктеу процестерінің ашықтықтығы мен объективтілігін қадағалай алады.

***

Іріктеудің барлық кезеңдері резервшілер туралы толық ақпарат жинап, олардың қабілеттерін және ең бастысы – олардың әлеуетін көруге мүмкіндік береді.

Осыны ескеріп, резервшілер лауазымға тағайындалғанға дейін арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша оқытылады. Іріктеудің нәтижесі негізінде сарапшылардың берген ұсыныстары бойынша резервшілер үшін жеке бағдарлама әзірлену де мүмкін. Бұл оқыту бағдарламасы жоғарыда айтылған лауазымдарға қажет қосымша білім алуға, халықпен жұмыс істеуге, оның ішінде көпшілік алдында сөз сөйлеу және шектеулі жағдайда жұмыс істеу үшін қажетті қасиеттерді арттыруға бағытталған.

***

Сөзімді қорытындылай келе, «Президенттік жастар кадр резервін» құрудағы басты мақсат жастар үшін тиімді әрі ашық әлеуметтік лифт құру екендігін атап өткім келеді. Бұл азаматтарға зор үміт артылады және олар алдағы реформалардың қозғаушы күші болуы қажет.

Бүгінгі таңда, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ережесі мен тәртібі Президент Жарлығымен реттелген.

Резервке қатысты барлық қажетті ақпаратты аталған Жарлықтан біле аласыздар.

Мүмкіндікті пайдалана отыра, Президенттің бастамасын қолдап, аталған іріктеуді өткізуге ат салысқан мемлекеттік қызмет саласындағы Астана Хабына ерекше алғыс білдіреміз.

Баяндамамды қорытындылай келе, өз халқына адал қызмет етуге дайын, дарынды әрі білімді және тәжірибелі жастарды «Президенттік жастар кадр резервіне» іріктеуге қатысуға шақырамын.

***

Назарларыңызға рахмет.

 

 

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР
100 НАҚТЫ ҚАДАМ
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЛАРЫ
ЗАҢНАМАЛАР
СҰРАҚТАР - ЖАУАПТАР

АЗАМАТТАРҒА