Мемлекеттік органның бақылау функциялары туралы ақпарат

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 5-бабы 2-тармағы 10) тармақшасына сәйкес Агенттік мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауын, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және  қызметтік әдепті сақтауды бақылауды Агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті мен аумақтық органдары мемлекеттік органдарда тексеру жүргізу және мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жолымен жүзеге асырады.

Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, орындамауы кінәліктен немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты заңдарда белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамағаны үшін мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылады.

Бұл ретте, жалпы қабылданған әдептілік нормаларынан және мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерінен туындайтын негізгі мінез-құлықтың ережелері Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексімен белгіленген.

Аталған кодекс Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілді.

Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына сәйкес анықталады.

Мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтаудағы және мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдепті сақтаудағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері, сондай-ақ Мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтаудағы және мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдепті сақтаудағы тексеру парағы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның 2016 жылғы 14 сәуірдегі № 76 және Ұлттық экономика министрлігінің 2016 жылғы 26 сәуірдегі № 186 бірлескен бұйрығымен бекітілген.

Сонымен қатар, Агенттікке мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау функциясы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 7-бабы 2-тармағына сәйкес берілген.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылауды Агенттіктің Мемлекеттік қызмет көрсету департаменті мен аумақтық органдары заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсететін тексерілетін субъектілерді тексеру және мониторингтеу нысанында жүзеге асырады.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидалары Агенттіктің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 78 бұйрығымен бекітілген.

Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері және мемлекеттік қызметтер көрсету заңнаманың сақталуы бойынша тексеру парағы Агенттік Төрағасының 2017 жылғы 9 ақпандағы № 32 және Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 15 ақпандағы № 68 бірлескен бұйрығымен бекітілген.

 

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР
100 НАҚТЫ ҚАДАМ
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЛАРЫ
ЗАҢНАМАЛАР
СҰРАҚТАР - ЖАУАПТАР

АЗАМАТТАРҒА