Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндама 2019 ж.

КІРІСПЕ

 

Мемлекет басшысы 2018 жылғы 5 қазандағы Халыққа жолдауында қарқынды өзгермелі әлем жағдайында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту қажеттігін ерекше атап өтті.

Енді мемлекеттік аппарат аз шығындармен жоғары нәтижелерге қол жеткізе отырып, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі арқылы бағалануы тиіс.

Қойылған міндеттер мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруды талап етеді.

Осыған байланысты, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің маңызды басымдығы Қазақстанның мемлекеттік қызметінің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің стандарттарына сәйкестігі болып қала береді.

Бүгінгі күні осы ұйым сарапшылары Қазақстанның мемлекеттік қызметін кәсіби-стратегиялық деп бағалауда.

Осы Мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндамада осы саладағы қызметтің 2018 жылдың негізгі нәтижелері, болған өзгерістерді талдау және бұдан әрі перспективалары көрсетіледі.

Баяндама «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 5-бабы 2-тармағының 7-4) тармақшасына сәйкес енгізіледі және үш бөлімнен: кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады.

 

  1.  НЕГІЗГІ БӨЛІМ

 

1. Мемлекеттік қызметтің кадрлық жағдайы туралы жалпы мәліметтер

2019 жылғы 1 қаңтардағы  жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат саны 98 726 бірлікті құрайды, оның ішінде: саяси – 453, «А» корпусы - 285, «Б» корпусы - 97 988.

Шымкент қаласына республикалық маңызы бар мәртебесін беру, Алматы және Түркістан облыстарында, Астана және Ақтөбе қалаларында қосымша аудандар құру, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдарды қайта ұйымдастыру және олардың санын өзгерту штат санының 227 бірлікке өсуіне әсерін тигізді (саяси - 17, «А» корпусы - 6, «Б» корпусы - 204).

Бұл ретте нақты сан 2017 жылмен салыстырғанда 91830-дан 90 932-ге дейін (немесе штаттың 92,1%-ы) қысқарды. Лауазымдарды босату қызметшілерді нақты қысқартусыз, қызметшілердің өз еркімен және зейнеткерлік жасқа жетуімен байланысты жұмыстан шығуының нәтижесінде пайда болған бос лауазымдарды толтырмау арқылы жүргізілді.

Сонымен бірге, 2013 жылы жүргізілген басқаруды ауқымды орталықсыздандыру және жергілікті атқарушы органдарды, оның ішінде кадр ресурстарын күшейтуге қарамастан, соңғы 5 жылда орталық және жергілікті  мемлекеттік органдардың арасында штат санын үлестіру елеулі өзгермеді (2013 ж. – орталықта 55%, жергілікті деңгейде - 45%, 2018 ж. – орталықта 53%, жергілікті деңгейде - 47%).

Қазіргі уақытта Агенттік мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлеріндегі (ауыл, аудан, облыс, республика) мемлекеттік қызметшілердің оңтайлы санын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Оның нәтижелері және нақты ұсыныстары Үкіметке 2019 жылдың екінші жартыжылдығында енгізілетін болады.

Мемлекеттік міндеттерді іске асыру үшін қажетті сандық құрамнан басқа, адами капиталдың сапасы маңызды мәнге ие.

Білім деңгейі бойынша қызметшілерде бірнеше жыл бойы тұрақты көрсеткіш байқалуда.

Жалпы, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің 92%-ының жоғары білімі бар (8% - орта және орта кәсіптік, олар аудандық және ауылдық деңгейде ұсынылған).

Бұл ретте, есепті жылы 2017 жылмен салыстырғанда «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының үлесі - 13%-ға (2017ж. – 505, 2018 ж. - 570), Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері - 3%-ға артты (2017ж. – 740, 2018 ж. - 760).

Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік қызметшілерде бейінді мамандық жоқ. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің салалық бөлімшелерінің тек үштен екі қызметкерінің, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде – үштен бір бөлігінің бейінді білімі бар.

Мұндай жағдай босатылатын лауазымдарды уақытылы толтыру үшін салалық мамандарды дайындау қажеттілігін көрсетуде.

Әлемнің үздік университеттерінде докторантура бағдарламаларын бітірген немесе  жетекші қазақстандық және шетелдік компанияларда немесе  шетелдік мемлекеттік құрылымдарда, халықаралық қаржы мекемелерінде, әлемдік аналитикалық және зерттеу  құрылымдарында немесе үздік университеттердің зерттеу орталықтарында тәжиребесі бар адамдарды жалдау тетігін одан әрі жетілдіру мақсатында қолданыстағы заңнамаға бірқатар нормалар ұсынылды, оларды қабылдау оларға мемлекеттік қызметке кедергісіз жұмысқа кіруге мүмкіндік береді. Осы тұлғалардың бұрынғы жұмыс тәжірибесі оларға жалақы  белгілеу кезінде есепке алынады. Тиісті өзгертулер Парламент Мәжілісінде қарастырылып жатқан заң жобасымен көзделген.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қорытындысы бойынша өңірлердегі жұмыс тәжірибесі бар кадрларды орталық мемлекеттік органдардың салалық құрылымдық бөлімшелеріне тарту туралы талап заңды түрде бекітілген.

«Орталық-өңір» принципі бойынша алмастыру тәжиребесін жоғары орталық мемлекеттік органдардың қызметшілеріне қолданып, оларды белгіленген мерзім өткеннен кейін жіберген органға қайтару құқығын белгілеу ұсынылады.

Бүгінгі күні қазақстанның мемлекеттік қызметі тұрақтылық пен ауысымдылықтың төмен деңгейімен ерекшеленеді. Соңғы екі жыл ішінде кадрлардың кету көрсеткіші 6,2% құрайды.

Теріс себептер бойынша ауысушылық 4,6%-ға қысқарды (2017 жылы 346 адамнан 2018 жылы 330 адамға дейін).

Сонымен қатар, салалық мамандар мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесін жинақтап, экономиканың басқа секторларына көшуі тенденциясы сақталуда. Осындай үрдіс энергетика (9,6%), ақпарат және коммуникациялар (9,5%), сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму (8,8%) министрліктерінде ерекше байқалады. Келтірілген мысалдар салалық кадрлардың сабақтастығын қамтамасыз етудің өзектілігін растайды. Мысалы, бүгінгі таңда кадр қызметтерінің 46%-ында заң мамандығы, 19%-ында – экономикалық, 13%-ында – педагогикалық мамандығы бар. Қалғандары техникалық, гуманитарлық және басқа да әлеуметтік ғылымдар салаларында оқыған.

Агенттіктің бастамасы бойынша Мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы өткен жылғы ұлттық баяндаманы орындау шеңберінде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында эксперименталды түрде «Адам ресурстарын басқару» мамандығы енгізілді. Биылғы жылы маманданудың беделіне байланысты оны еліміздің басқа жоғары оқу орындарына енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 2019 жылы ЭЫДҰ ұсынымдарын орындау шеңберінде келесі мәселелер пысықталады:

  • мемлекеттік қызметті институционалды дамыту;
  • мемлекеттік органның алдында тұрған стратегиялық міндеттерді есепке алумен сандық және сапалық персонал қажеттілігін анықтау, жоспарлау жүйесін қарастыратын стратегиялық персоналды жоспарлауды енгізу.

Стратегиялық кадрлық жоспарлауды енгізу еңбекті мөлшерлеу, сабақтастық, мемлекеттік қызметте қажетті мамандықтарды ескере отырып, қызметкерлер санының және сапасының арақатынас мәселелерін шешуге ықпал етеді.

 

  1. Мемлекеттік қызметке іріктеу

2018 жылы жүргізілген тәуелсіз әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, респонденттердің 60%-ынан астамы мемлекеттік қызметке қабылданатын адамдардың сапалық құрамының өскені туралы пікірмен келісті.

Бұдан бөлек, сауалнамаға қатысқан мемлекеттік қызметшілердің 80%-ы іріктеу үрдісінің объективтілігіне жоғары баға берді. Осыған байланысты, 2018 жылы Агенттіктің жұмысы меритократия қағидатын бұдан әрі күшейтуге және мемлекеттік қызметке іріктеу сапасын жоғарылатуға бағытталды.

Бұл есепті кезеңде үміткерлердің заңнаманы білуге тестілеу тәртібін бұзу әрекеттерін анықтауды 3,5 есеге (2016 жылы 40-тан 2018 жылы 144-ке дейін) арттыруға мүмкіндік берді, 50%-дан астам дайындығы төмен кандидаттар осы сатыда «іріктеледі».

Аттестаттау нәтижелері бойынша 2017 жылы әлеуетін анықтауына екпін қою мақсатында кандидаттар құзыреттіліктерінің тестіленуі  жаңғыртылды. Әр лауазымға білім және дағдылары бойынша талаптарды белгілейтін Бірыңғай құзыреттілік шеңбері енгізілді. Осы бағалаудың барысында психометриялық құралдар қолданылады, олар кандидаттар жауаптарының дұрыстығы деңгейін анықтайды. Егер тестілеу барысында мемлекеттік қызметке үміткерлер жауаптарының шынайылығы 50%-дан төмен болса, онда ол әңгімелесуге жіберілмейді.

Басшы лауазымына үміткерлердің сауаттылық деңгейін, стратегиялық көзқарасы мен сыни ойлауын бағалау мақсатында, олар тестілеуден басқа эссе жазу қарастырылған.

Әңгімелесудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тиімді құралдар енгізілді: үміткерлерге конкурсқа қатысуға бақылаушыларды тарту, бейне, аудио жазбасын жүргізу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар, кандидаттарға арналған үлгі сұрақтар ашық түрде жарияланады.

Нәтижесінде 2018 жылы конкурстық іріктеу рәсімдерін бұзу саны шамамен жартылай төмендеді.

Мемлекеттік және құқық қорғау қызметінің стандарттарын біріздендіру бойынша жұмыс жалғасуда. Агенттіктің бастамасымен заңнамалық деңгейде  басшы лауазымдарға орналасу кезінде міндетті түрде конкурс өткізу талабы енгізілді.

Анықтама: 2018 жылға дейін құқық қорғау органдарында бос басшы лауазымдарға тағайындалу конкурс жарияланбай жүргізілген.

2019 жылы құқық қорғау жүйесінің лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын біріздендіру туралы заң жобасының қабылдануы күтілуде, бұл кадрлық мобильділікті жоғарылатады.

Анықтама: қазіргі уақытта әр түрлі құқық қорғау органдарының бірдей деңгейдегі лауазымдарына әр түрлі талаптар белгіленген. Мысалы, Бас прокуратураның департаментінің бастығы лауазымына үміткерлерде құқық қорғау қызметінде 9 жыл, ІІМ – 16 жыл, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен ЭТҚ – 8 жыл өтілі болуы керек.

Ағымдағы жылы ЭЫДҰ ұсынымдарын ескере отырып, мемлекеттік әкімшілік қызметке іріктеу құралдарын одан әрі жетілдіру мақсатында келесі міндеттерді шешу ұсынылады:

- «А» корпусының лауазымдарына тікелей конкурстық іріктеуді енгізу, бұл мұндай тағайындауларды саясаттандыру мүмкіндігін азайтады және жеке сектордан кәсіби мамандардың тартылуына септігін тигізеді;

- «Б» корпусы лауазымдарына кандидаттарды заңнаманы білуге тексеруден олардың құзыреттілік деңгейін анықтау пайдасына кезең-кезеңімен көшуді және Агенттіктің мемлекеттік қызметке іріктеу барысында рөлін кеңейтуді қарастыру.

 

  1. Мемлекеттік қызметті өткеру

2016 жылдан бастап мансаптық модель енгізілді, осы уақыт аралығында тек мемлекеттік орган шеңберінде ғана емес, сонымен бірге «өңір-орталық» сызбасы бойынша лауазымында жоғарылату алған қызметшілер санының тұрақты өсу тенденциясы байқалады.

2018 жылы бұл көрсеткіш 32% (2017 жылы 5 186-дан 2018 жылы 6 826-ға дейін) құрады, бұл ретте 96 қызметші облыстық және аудандық деңгейден орталық мемлекеттік органдарға ауысты.

Бұдан бөлек, өткізілген әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің 70%-дан астамы меритократия қағидатының негізінде мансаптық өсу мүмкіндігіне сенетінін көрсетті. 

Сонымен бірге, ауылдық деңгейде кадрлар тапшылығы сақталуда. Бұл мәселенің шешімі - «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қолданылатын тұлғалар санатына мемлекеттік қызметшілерді қосу. Тиісті өзгерістер Парламент Мәжілісінде қарастырылып жатқан заң жобасымен көзделген.

Бұдан бөлек, кадрлық мобильділікті арттыру мақсатында заң жобасында ротацияланатын қызметшілерге көтермелі және тұрғын үй төлемдерін енгізу, сондай-ақ бала бақшаларда олардың балаларына орын беру көзделуде.

Материалдық жағдайды жақсартумен қатар, кадрларды сақтап қалу шарттарының бірі – қызметкерлерді үздіксіз кәсібилендіру.

Тағылымдамадан өткен 3 297 мемлекеттік қызметшінің 161-і фармация, құрылыс, теле-радио коммуникациясы, сараптама бойынша квазимемлекеттік және жеке меншік сектор ұйымдарында тағылымдама өтті. 

«Болашақ» Президенттік бағдарламасы шеңберінде тағылымдамадан өтуі үшін мүмкіндіктер кеңейтілуде.

Кәсіби дағдыларды дамыту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ротация институтын жекелеген саяси лауазымдарға қолдану, өңіраралық ауысуды енгізу, сондай-ақ бақылау-қадағалау функцияларына ие қызметшілер үшін міндетті ротацияны енгізу мәселесі пысықталуда.  

Қызметшілерді кәсібилендірудің ажырамас бөлігі қызметшілерді Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және оның филиалдары базасында даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесі болып қалуда.

Өткен жылы қолданыстағылармен қатар, магистратураның «Цифрлық мемлекеттік басқару», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат», «Мемлекеттік саясат және құқық» атты жаңа бағдарламалары іске қосылды.

Жобалық менеджментке тек 2018 жылы шамамен 5 000 қызметші оқытылды.

«Сандық Академия» жобасының аясында онлайн-оқыту, оқыту бағдарламаларын электронды келісу жүйесін енгізу, тыңдаушыларға материалдарды мобильді бағдарламаның көмегімен тарату арқылы академияның оқыту базасы зияткерлік-сандық платформаға түрленді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес саяси қызметшілер үшін «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасы және «А» корпусының лауазымдары үшін арнайы қайта даярлау курстары әзірленді. 

«Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасы саясаткерлердің әлеуетін құзыреттердің негізгі үш бөлігі: «Жаһандық пайым», «Тиімді коммуникациялар» және «Трансформациялық көшбасшылық» бойынша өсіруге бағдарланған.

Өз кезегінде «А» корпусының лауазымдары үшін арнайы қайта даярлау курстары оларда стратегиялық пайым, жүйелі басқару және бейімделген көшбасшылықты дамытуға бағытталған.

Осы бағдарламалар бойынша оқыту Мемлекеттік басқару академиясының және Назарбаев Университетінің базасында қарастырылған.

Сондай-ақ есепті кезеңде Агенттіктің жұмысы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жауаптылығын нығайтуға бағытталды. Қызметшілердің отансүйгіштігін арттыру мақсатында республика көлемінде әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, ел бойынша 400 мыңнан астам жас көшеттер отырғызылды.

«Meirli Kyzmet» жобасы шеңберінде мұқтаж адамдарға атаулы материалдық көмек көрсетілді.

«Алға басу – движение вперед!» атты қайырымдылық жүгіру ұйымдастырылды. Оның нәтижелері бойынша жиналған қаражат 10 өңірден 21 баланы озық шетелдік клиникаларда емдеу үшін бағытталды.

2019 жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. 

 

4. Мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу

2018 жылдың басынан Агенттікте, Әділет министрлігінде, сондай-ақ Астана мен Маңғыстау облысының әкімдіктерінде пилоттық режимде  факторлы-баллдық шкала (бұдан әрі – ФБШ) мен жұмыс нәтижесі бойынша бонустарды төлеуге негізділген жаңа еңбекақы төлеу жүйесіне ауысу іске асуда.

Президенттің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № 304 Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдардың басшыларына босатылған қаражатты жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгізуге пайдалану мақсатында шығындарды оңтайландыру құқығы берілді.

2018 жылғы желтоқсанда пилоттық режимге қосымша Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері енді.

Президенттің Әкімшілігі жанында құрылған жұмыс тобы жобаны әрі қарай жетілдіруді, оның ішінде функционалдық блоктар арасында лауазымдарды үлестіруді, өтілді есептеу тетігі және қызмешілердің жұмысын бағалау тетігін қайта қарастырып, назарды нақты нәтижеге жетуге бағдарлау бойынша ұсыныстарды әзірледі.

Әзірленген тәсілдерді және мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін талдау нәтижелерін ескеріп, 2019 жылы нәтиже бойынша жаңа еңбекақы жүйесінің тиімділігін зерттеу жалғасады.

Мемлекеттік органдар оңтайландыруға жататын шығындар көзін анықтауды жалғастыруда. Қазірдің өзінде бюджетке түсетін салмақты төмендету жолдары анықталды.

Бірінші көз – мемлекеттік мүлікті тиімді әрі дұрыс пайдалану.

Екінші көз –  ведомстволық бағынышты ұйымдарды оңтайландыру. Үкімет көрсетілген кәсіпорындар айналыса алатын қызметтің 345 түрін анықтады, олар шамамен жеке меншік сектордың барлық салаларын қамтиды.

Мысалы, жолаушыларды тасымалдау, газет шығару және басқалары. Көбінесе, бұл функциялар мемлекеттік органға ақылы түрде ведомстволық бағынышты ұйымдармен іске асырылады. Бұл ретте, осы қызметтерді жеке меншік кәсіпорындар көрсетеді.

Алайда, ведомстволық бағынышты ұйымдарды құруға Кәсіпкерлік кодекс негіз болады, солардың оның шарттарының бірі – нарықта баламалы тауарлар, жұмыстар және қызметтердің жоқтығы.

Бұдан бөлек, мемлекеттік секторға қарағанда олардың штат санының лимитіне қатысты мәселе реттелмеген (білім беру, денсаулық сақтау, қорғаныс және ішкі істер салаларын қоспағанда). Нәтижесінде, салалық және көмекші персонал санының арақатынасы – 50/50, ал әлемдік тәжірибеде – 70/30.

Осыған байланысты осы мәселелерді бұдан әрі шешу және мемлекеттік шығындарды қысқарту үшін Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге ұйымдардың штат саны мен шығындарын оңтайландырудың 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жалғастырылатын болады.

 

  1. Мемлекеттік қызметшілер еңбегінің тиімділігін арттыру

Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бірінші кезекте, қайталанатын функцияларды алып тастау, басқарушылық буынды қысқарту, жекелеген бөлімшелерді орталықтандыру үшін басқару құрылымы қайта қарастырылуда.

2018 жылы үш әкімдіктің (Астана қ., Алматы қ., Ақмола обл.) трансформациясы жүргізілді, оның барысында басқармалар саны және басшылық лауазымдар саны қысқартылды, бірыңғай персоналды басқару қызметтері құрылды.

Тек Астана қаласының әкімдігінде ғана басқармалар саны 27-ден 17-ге дейін қысқартылды. Бизнес-процестерді арттыру мақсатында бірыңғай мемлекеттік сатып алу операторы енгізілді, бұл шамамен 22,5 млрд. теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді.

Бұл тәжірибені басқа мемлекеттік органдарға да қолдану жоспарлануда.

Оңтайландырудың арқасында Ақмола облысының әкімдігінде басшы және орындаушы лауазымдарының арақатынасы екі есеге қысқарды.

Алматы қаласының әкімдігінде Орталықтандырылған персоналды басқару қызметі құрылды және 6 басқарма таратылды, бұл басқарушы құрамының санын 13%-ға қысқартты.  

Біртекті процестерді орталықтандыру мен автоматтандыру мемлекеттік органдарды күнделікті жұмыстардан босатты және жеделдікті арттырады.

Халыққа мемлекеттік қызметтерді жоғары сапалы және тосқауылсыз көрсету атқарылып жатқан трансформация процестеріндегі маңызды көрсеткіш болып табылады.

Мемлекеттік мекемелер және халық арасында «сенім көпірін» құру тосқауылсыз кеңістік қалыптастыру мен фронт-офистерді құру (әр аудандық және қалалық әкімдіктер жанында), сондай-ақ Астана қаласындағы 109 және 112 қызметтерінің үлгісінде өңірлердегі жылдам әрекет ету жүйесін қалыптастырудың бақылауын қамтамасыз ету арқылы мүмкін.

Соңғы әлеуметтік сауалнамаға сәйкес респонденттердің 60%-ы мемлекеттік органдардың клиентке бағдарлығын атап өткеніне қарамастан, қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет.

Мысалы, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі мемлекеттік органдар функциясының негізінде қалыптасады және азаматтардың қажеттілігіне бағытталмаған. Нәтижесінде 739 қызметтің оннан бір бөлігі ғана халық арасында сұранысқа ие.

Бұдан басқа, бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар жұмыстар да (жол жөндеу, көше тазалау, жылу және электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, қоршаған ортаны қорғау және т.б.) көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жатпайды.  Алайда олар  халықтың өмір сапасына көбіне  үлкен әсер етеді.

Сондықтан «қызмет үшін адам» қағидаты емес, «адам үшін қызмет» қағидатына негізделген сервистік мемлекет құруға көшу қажет.

Ол үшін 2019 жылы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңды тұжырымдамалы түрде қайта қарастыру, сондай-ақ «әлеуметтік маңызды қызмет» түсінігін енгізу ұсынылады.

Мұндай әдіс мемлекеттік аппараттың оңтайлы басқару құрылымын құрып, мемлекеттік органдарда стратегиялық, реттеушілік және бақылау функцияларын сақтап, іске асырылатын функцияларды ведомстволық ұйымдарға береді деп санаймыз.

Осыған байланысты, салалық және  қосалқы персоналдың оңтайлы арақатынасын, нақты міндеттерді орындау үшін белгіленген мерзімге жалданатын келісімшарт бойынша мемлекеттік қызметшілер институтын енгізу мәселелерін зерттеу ұсынылады.

Сондай-ақ 2019 жылы Президенттің бизнес үдерістерді жақсарту және мемлекеттік органдарда артық жұмыс істеуді қысқартуға бағытталған тапсырмаларының орындалуы жалғасады.

Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік органдарда жұмыс уақытының икемді графигі енгізілді. Мысалы, ол жасы кішкентай балалары бар қызметкерлерге оларды мектепке дейінгі мекемелерге апарып тастау мүмкіндігін беру үшін белгіленеді.

Еңбек заңнамасын бұзуды болдырмау үшін орталық мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін автоматты түрде компьютерлерді өшіру жүйесі енгізілді.

Агенттік қабылдаған алдын алу шараларының нәтижесінде заңсыз артық жұмыс істеу деңгейі 91%-ға қысқарды (айына 12739 сағаттан 1095-ке дейін).

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнына қашықтықтан қол жеткізу мәселесі қарастырылуда.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Осы баяндамада ұсынылған шаралар Президенттің тапсырмаларын, жаңа жаһандық сын-тегеуріндерді, сондай-ақ мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы қолдану тәжірибесін талдауды ескере отырып жасалды. 

Ол үшін 2019 жылы мемлекеттік қызмет саласында келесі мәселелер орындалады:

  1. стратегиялық кадрлық жоспарлауды енгізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметті институционалды дамыту мүмкіндігін қарастыру;
  2. «орталық-өңір» принципі бойынша алмастыру тәжиребесін жоғары орталық мемлекеттік органдардың қызметшілері үшін оларды жіберген органға қайтару мүмкіндігімен қарастыру;
  3. «А» корпусына тікелей конкурстық іріктеу жүйесін жетілдіру және «Б» корпусы лауазымдарына кандидаттарды заңнаманы білуге тексеруден олардың құзыреттілік деңгейін анықтау пайдасына кезең-кезеңімен көшуімен бірге Агенттіктің рөлін ұлғайту;
  4. жаңа еңбекақы төлеу жүйесіне көшу мақсатында мемлекеттік органдардың және ведомстволық бағынышты ұйымдардың шығындарын оңтайландыру жұмыстарын жалғастыру;
  5. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңды тұжырымдамалы түрде қайта қарастыру, оның ішінде «әлеуметтік маңызды қызмет» түсінігін енгізу мәселесін пысықтау;
  6. салалық және қосалқы персоналдың оңтайлы арақатынасын, келісімшарт бойынша мемлекеттік қызметшілер институтын енгізу мәселелерін зерделеу;
  7. мемлекеттік органдарда стратегиялық, реттеушілік және бақылау функцияларын сақтап, іске асырылатын функцияларды ведомстволық ұйымдарға беріп, мемлекеттік аппараттың оңтайлы басқару құрылымын құру мәселесін пысықтау.

Ұсынылатын шаралар мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіруге, оның ішінде мемлекеттік аппараттың келесі кезеңі - стратегиялық-инновациялық моделіне көшуін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР
100 НАҚТЫ ҚАДАМ
ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЛАРЫ
ЗАҢНАМАЛАР
СҰРАҚТАР - ЖАУАПТАР

АЗАМАТТАРҒА